«AMANAT» партиясының Кентау қалалық филиалы кеншілер қаласындағы №7 колледжбен бірлесіп, 2025-2026 оқу жылы кезеңінде дуалды оқыту шеңберінде студенттерді өндірістік практикаға жіберу, колледж түлектерін жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша әлеуметтік серіктес ұйымдардың өкілдерімен арнайы кездесу өткізді. Мемлекет басшысының Жарлығымен жарияланған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында өткен кездесуде жастардың өз ісінің нағыз шебері болу үшін олардың кәсіби даярлығын шыңдау мәселесі жан-жақты қаралды.
Жиынның маңыздылығына тоқталған Кентау қаласындағы «№7 колледж» МКҚК директоры Талғат Тауасаров, дуалды оқытудың басты мақсаты студенттерге кәсіптік білім берумен қатар, олардың өндірістік тәжірибеден өтуіне жағдай жасау екенін айтты. Осы жүйе арқылы білім алып жатқан студенттер кәсіби ортада нақты жағдайларда жұмыс істеуді үйренетінін, өндірістік жабдықтармен жұмыс істеу қалыптастыратынын түсіндіріп өтті. Сондай-ақ жас мамандар жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатып, өздерінің кәсіби дайындығын іс жүзінде көрсете алатынын жеткізді. Дуалды оқыту жүйесі студенттер үшін болашақты тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік ашатынын айтты.
«- Қазір біздің колледж Кентау қаласындағы бірқатар ірі кәсіпорындармен әлеуметтік серіктестік орнатып, оларға қажетті мамандар даярлап беруді іске асырып отыр. Бүгіннің өзінде оқу орны ынтымақтастық орнатқан кәсіпорындардың қатарында «Айдар-Строй Груп», «Оңтүстік Жарық Транзит», «Кентау трансформатор зауты», «Medical Style», «Кен Маш Строй», «АБК», «Айтолсын», «Қазына-Кентау», «Сапар-Құрылыс С» компаниялары бар. Серіктес ұйымдардың қатарын алдағы уақытта да ұлғайта беретін боламыз», — деді колледж директоры.
Жасампаз еңбек қоғамды біріктіруші күшке айналуы тиіс деген мәселе «AMANAT» партиясының басты саяси саяси ұстанымы екенін жеткізген партияның Кентау қалалық филиалының төрағасы Арман Басаров, қазіргі таңда энергетика және құрылыс салалары еліміздің инфрақұрылымдық және экономикалық тұрақтылығының негізі болып табылатынын айтты.
«- Электр станцияларының үздіксіз жұмыс істеуі, заманауи ғимараттардың салынуы, өндіріс орындарының желісін дамыту – мұның бәрі жоғары білікті жұмысшы мамандардың қолымен іске асырылады. Яғни, жұмысшы мамандарға қоғамда қашан да сұраныс көп болады. Бүгін осы жиынға қатысып отырған көптеген кәсіпорындар, колледж студенттерін өндірістік практикаға кабылдап қана коймай, болашақта осы жас мамандарға өз кәсіпорындарында тұрақты жұмыска орналасуға жол ашады деп білемін. Еңбек қатынастары жүйесінде жұмыс берушілер мен кәсіби мамандарды даярлайтын оқу орындары арасында өркениетті және сындарлы диалог орнықтыруда «AMANAT» партиясының қалалық филиалы жүйелі қадам атқара беретін болады», — деді Арман Амангелдіұлы.
Кездесу барысында оқу орны мен серіктес ұйымдардың өкілдері дуалды оқыту аясында тәжірибе алмасу, студенттерді практикаға орналастыру барысы, кәсіпорындардың ұсыныстары мен талаптарын ескере отырып, оқу бағдарламаларын жетілдіру, түлектерді тұрақты жұмыспен қамту жолдары мәселелерін талқылады. Жиынға қатысшуылар серіктес кәсіпорындардың оқу үдерісіне белсенді араласуы мәселесін қарастырып, студенттердің кәсіби дайындығын шыңдау, бітіруші түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіштерін арттыру мәселелерін жан-жақты пысықтады.