Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық жасау еліміздің әлеуметтік саясатындағы басты міндеттердің бірі ретінде қарастырылады. «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы инклюзивті қоғам құруға, әр адамға тең мүмкіндіктер беретін қол жетімді орта қалыптастыруға бағытталған. Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиевтің қабылдауына республикалық «Қамқорлық» мүгедектер қоғамының жетекшісі Дүйсенәлі Жүсіпов және «Шапағат» қорының жетекшісі, Түркістан облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Еркінбай Шалтан келіп, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдауда қол жетімді ортаны қалыптастыру мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында Алтынсары Дүйсенбекұлы қол жетімді орта түзу дегенде біз физикалық, әлеуметтік, цифрлық немесе ақпараттық инфрақұрылымның ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін кедергісіз әрі ыңғайлы болуын қамтамасыз ету мәселесін ұғынуымыз қажет екенін айтты. Мұндай ортада әрбір азамат өз қабілеті мен мүмкіндігіне сай өмір сүріп, жұмыс істеп, білім алып, қоғамның толыққанды мүшесі бола алады.
Атап өтуіміз керек, Мемлекет басшысы биылғы 3 наурызда қол қойған «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңының 9-бабында,
қала аумағындағы құрылыс салуды реттеу аймағында құрылыс жүргізу кезінде мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарына инфрақұрылым объектілері мен көрсетілетін қызметтердің қолжетімді болуы жөніндегі ұлттық стандарттың сақталуын қамтамасыз ету жүктелген. Сондай-ақ, туристік қызмет субъектілері үшін туризмді дамытуға, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарын (инклюзивті туризмді) қоса алғанда, барлық туристер үшін туризм инфрақұрылымына тең (кедергісіз) қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған жағдай жасау міндеттелген. Жаңарған Түркістанның жаңа тарихын бастап берген бұл заң нормаларының қабылдануына Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, «Инклюзивті парламент» тобының жетекшісі Ерлан Абдиев бастаған Парламент өкілдерінің еңбегі орасан деп білеміз.
Ерекше қажеттілігі бар азаматтардың заңды мүдделерін қорғауға оларды қоғамдық өмірге толық араласуына жағдай жасауға қызмет етіп жүрген қоғам белсенділерінің ұсынысымен осы ұйымдарға мүше азаматтарды партияның қоғамдық құрылымдарының қатарына қосу жөнінде шешім қабылданды. Мүгедек азаматтардың жанын түсінетін, олардың мұң-мұқтажын білетін азаматтар бюджет есебінен салынатын нысандарда осы санаттағы азаматтарға қажетті барлық инфрақұрылымдардың болуын жобалау жұмыстарының барысында-ақ айтып, қорғайтын болады.
«Мемлекет қанша күш салса да, қоғамдық көзқарас өзгермей, толық инклюзия мүмкін емес. Бізге қажет – жанашырлық, түсіністік және бейжайлықтан арылу. Әрбір азаматтың ішкі мәдениеті мен ізгілігі – ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін ең үлкен қолдау», — деді жарымжан жандардың құқықтары үшін күрес жүргізіп келе жатқан азаматтар.
Алдағы уақытта осы ұйымдардың қатысуымен партияның Түркістан облыстық филиалы Түркістан қаласында қол жетімді орта қалыптастыру мәселесін облыстық және қалалық атқарушы органдардың қатысуымен арнайы жиын өткізіп, алдағы жұмыс бағыттарын белгілейтін болады. Сондай-ақ партияның облыстық филиалының төрағасы Түркістан облыстық мәслихатындағы фракция мүшелерімен бірге «Шапағат» қорына арнайы барып, бірлескен іс-қимыл мәселелерін де қарап, жүйелі жұмыс бағыттарын айқындайтын болды.