«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалында Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Абдиев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Парламент өкілі өткізген қабылдауға Түркістан қалалық мәслихатының және партияның қалалық филиалының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, Түркістан қалалық мәслихатының депутаты Бақдәулет Тұрманов, қала әкімдігінің жауапты азаматтары, партияның қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сұлтанхан Тәштеев, партияның облыстық филиалының жауапты қызметкерлері қатысты. Қабылдауға Түркістан, Кентау қалалары мен Сауран ауданының тұрғындары келіп, сұраныстары мен өтініштерін білдірді.
Түркістан қаласының тұрғыны жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер беру мәселесін айтып, Түркістан қаласы мен Сауран ауданының әкімшілік шекарасы аумағында орналасқан ашық су көздерін рұқсатсыз пайдаланғаны үшін айыппұл төлеуге мәжбүр болғанын жеткізді. Бұл мәселе бойынша жауапты өкілдер қала аумағындағы жер телімдері қажетті инфрақұрылым жүйелері салынғаннан кейін барып, кезектілік ретімен берілетінін түсіндіріп берді. Ал Арал-Сырдарья бассейндік инспециясы мен «Тұран су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық мекемеге қарасты су көздерін пайдалану үшін аталған мекемелермен келісімшартқа тұру қажет екені ескертілді. Азамат көтерген мәселелерді реттеуді Түркістан қаласының әкімдігі өз жауапкершілігіне алды.
Сауран ауданы, Егізқара елді мекенінің тұрғыны электр қуатының сапасына қатысты шағымын білдіріп, ауыл жолын ретке келтіру, интернет байланысының сапасын арттыру мәселелерін қозғады. Ерлан Тұрсынбайұлы ауыл тұрғындарының базынасын Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровқа жеткізуге уәде етіп, бұл мәселенің шешілуін бақылауында ұстайтынын жеткізді.
Қабылдауға келген Кентау қаласының тұрғыны, республикалық «Қамқорлық» мүгедектер қоғамының жетекшісі Жүсіпов Дүйсенәлі мүгедек азаматтардың санаторлық-курорттық ем алу мәселелеріне қатысты сауалдарын білдіріп, «Республикалық протездік-ортопедиялық орталық» Ғылыми-зерттеу институтына қатысты шағымдарын айтты, әлеуметтік сала қызметтерінің монетизациясы мәселелеріне қатысты ойларын жеткізді. Мүгедек азаматтардың құқығын қорғауға қатысты ұсыныстарын «Шапағат» қорының жетекшісі, Түркістан облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Еркінбай Шалтан да білдірді. Ол «Медициналық оңалту көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 7 сәуірдегі №65 бұйрығына өзгерістер енгізу қажет екенін айтты. Мүгедек азаматтарға берілетін жеке көмекшіге қатысты өзекті мәселелер бар екенін айта отырып, қол жетімді орта талаптарын орындатуда мүгедектердің құқықтарын қорғайтын ұйымдарға белгілі бір мандат қарастыру мәселесін көтерді.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың басын қосқан ұйымдардың жетекшілері білдірген ұсыныстарды назарына алған Мәжіліс депутаты,
ерекше қажеттілігі бар азаматтардың қоғам өміріне еркін қатысуы – бәрімізге ортақ міндет екенін жеткізді. Бүгінгі қабылдау барысында көтерілген әрбір сауал, айтылған әрбір өтініш бойынша тиісті жұмыстар атқарылатынын мәлімдеді.