«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы Қалыйма Жантөреева Бәйдібек ауданына жасаған жұмыс сапары шеңберінде «Денсаулық» және «Шаян» бастауыш партия ұйымдарының белсенділерімен жүздесіп, партиялық қызметті ілгерілету мәселелері бойынша пікір алмасты. Атап өтуіміз керек, Бәйдібек аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Гүлдария Шардарбекова жетекшілік ететін «Денсаулық» бастауыш партия ұйымының негізгі құрамын дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері құрайды. Бүгіннің өзінде осы бастауыш ұйыммен 359 адам партия мүшелігіне қабылданған.
Ұжыммен кездесу барысында Қалыйма Жантөреқызы денсаулық сақтау саласын дамыту, дәрігерлерді барынша қолдау – мемлекет және партиямыз айқындаған маңызды міндеттің бірі екенін айтты. Ұлт саулығын қамту, ауылдық медицинаны дамыту, заманауи ФАП-тар мен амбулаториялар салу – партиямыздың Сайлауалды бағдарламасында қамтылған негізгі басымдық екенін жеткізді. Медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеруге және олардың құқықтарын қорғауға баса мән берілгенін атап өтіп, жақында қабылданған арнайы заң қоғамның медицина қызметкерлеріне деген жоғары бағасын білдіретінін айтты. «AMANAT» партиясының «Дәрігер Talks» диалог алаңы медицина саласындағы өзекті мәселелерді талқылайтын, денсаулық сақтау саласын дамыту аясындағы маңызды міндеттер белгіленетін талқы алаңы болып қалыптасқанын жеткізді. Жуырда МӘМС туралы заң нормаларына түзетулер енгізілгенін айта отырып, Түркістан облысының партия өкілдері де аталған заңға маңызды ұсыныстарын білдіргенін жеткізді.
Қалыйма Жантөреқызы «Шаян» бастауыш партия ұйымына да арнайы барды. Бәйдібек аудандық мәслихатындағы партиялық фракция төрағасы Алмас Елеусіз жетекшілік ететін ұйымға барлығы 324 партия мүшесі тіркеуге алынған. Ұйымның белсенді өкілдерімен кездесу барысында бастауыш ұйымның қызметі жөнінде есеп берілді. Биылдың өзінде ұйым белсенділері «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобасы шеңберінде бірқатар тағлымды іс-шаралар өткізіп, аға буын өкілдеріне құрмет көрсеткен. Аудандық мәслихаттың депутаты ретінде Алмас Елеусіз ұйым белсенділері және ауыл азаматтары алдында есеп берген, тұрғындарды қабылдау барысында айтылған өтініш негізінде М.Әуезов атындағы орта мектептің автотұрағын тегістеуге және Шаян ауылындағы көпірді жөндеуге қолдау көрсеткен.
Аудандық орталық кітапханада өткен басқосуда партияның «Кітап-AMANAT» жобасы жөнінде мағлұмат берілді. 23 сәуір елімізде алғаш мәрте Ұлттық кітап күні атап өтілгенін айтқан Қалыйма Жантөреқызы, елдегі әдеби мұраны сақтау және дамыту мақсатында отандық авторлардың 100 ең танымал кітабы туралы жалпыұлттық сауалнама жүргізіліп жатқанын хабарлады. Сауалнамаға Түркістан облысы белсенді үлесін қосып жатқанын, азаматтардың сауалнамадан өтуге партиямыз да ұйытқы болып отырғанын айтты. Бүгінгі басқосу Хакім Абайдың 180 жылдық тарихи белесі аясында өтіп жатқанын айта отырып, жиынға қатысушыларды партияның облыстық филиалы бастаған «Абай әлемі» челленджіне белсене қатысуға шақырды. Партияның бастауыш ұйымының белсенділері Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін нақышына келтіріп орындады.