Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында сындарлы байланыс орнатуға арналған алаң Ораңғай ауылында психоневрологиялық аурулары бар балаларға арналған 50 орындық оңалту орталығының ауласында ашылды.
Айта кетуіміз керек, өңіріміз үшін бірегей орталық болып табылатын бұл нысан «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы шеңберінде салынып, жақын күндері іске қосылатын болады. Жәрмеңке өткізу арқылы осы нысанда қызмет атқаратын №4 Ораңғай арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығын қажетті персоналмен қамту мәселесі де назарға алынды.
Жәрмеңкенің ашылуында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева қатысты. Жәрмеңкеге Сауран ауданы мен Түркістан, Кентау қалаларындағы 30-дан астам ұйым қатысып, 700-ден астам бос жұмыс орындарын ұсынды.
Іс-шара барысында 300-ге жуық тұрғын жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасып, өз мамандығына сәйкес жұмыс табу мүмкіндігіне ие болды. Ұсынылған жұмыс орындарын санатына қатысты жіктейтін болсақ, 445-і – өнеркәсіп, 33-і – ауыл шарушылығы, 150-і – құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, 38-і – білім, 14-і – денсаулық сақтау, 96-сы – қызмет көрсету салаларына тиесілі болды. Бос жқмыс орындарының қатарында фармацевт, невропатолог, травматолог-ортопед, балалар дәрігері, психолог, логопед, мәдени іс-шаралар ұйымдастырушы маманы, еңбек терапиясы жөніндегі инструктор, кітапханашы, вахтер, бағбан, электрик, шаштараз, су сорғы станциясының машинисі, санитар, инженер, аудармашы, есепші, заңгер, механик, электрик, дәнекерлеуші, жұмысшы, оператор, технолог, жүргізуші, педагог, тәрбиеші, тігінші, аспаз, лаборант, күзетші, қасапшы, IT-маман, программист және өзге де 70-тен астам мамандықтар ұсынылды.
Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы берген ресми мәліметке сәйкес, жыл басынан бері өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 74630 азамат тұрақты және субсидияланатын жұмыс орындарына жолданған. Оның ішінде тұрақты жұмыс орнына орналасқандар саны 36415 адам болса, субсидияланатын жұмыс орындарына орналасқандар саны 38215 азаматты құрайды.