«AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасында сапалы білім беру үшін жағдай жасау міндеттемесі бойынша бірнеше маңызды индикаторлар белгіленген. Соның ішінде оқыту сапасын жақсарту және дуалды оқыту қағидаттарын енгізу арқылы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары түлектерінің жұмыспен қамтылу көрсеткішін 2027 жылға дейінгі мерзімде 78 пайызға жеткізу көзделген.
Өңіріміздегі кәсіптік білім беру жүйесін жаңа сапалық деңгейге шығаруда бүгін Түркістан қаласындағы «Farab» әмбебап-ғылыми кітапханасында Түркістан облысының әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ арасында «Кәсіпорын мен колледж – сапалы маман кепілі» атты ынтымақтастық меморандумға қол қою рәсімі өтті. Жастардың алған кәсіби білім теориясын өндірістік тәжірибемен ұштастыруды мақсат тұтқан келісім жасау рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Корпоративтік басқару, әлеуметтік еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов қатысып, құжатқа қол қойды. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында өткен іс-шараға Түркістан облысы мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева қатысты.
Жиында сөз алған өңір басшысы барлық қатысушыларды Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығымен құттықтады. «-осындай маңызды мереке қарсаңында
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының еншілес кәсіпорын өкілдерімен өзара ынтымақтастық орнату мақсатында арнайы бас қосып отырмыз. Бұл кездесу – өңіріміздегі кәсіби білім беру жүйесін жаңа сапаға бағыттайтын маңызды қадам. Президентіміздің 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануына байланысты облыста жүйелі шаралар атқарылуда. Колледждер мен өндіріс орындарының арасындағы тікелей байланыс орнатылып, өңір білікті жұмысшы күшіне, ал кәсіпорын қажетті кадрға қол жеткізуде», — деді Нұралхан Оралбайұлы.
Атап өтуіміз қажет, биыл Түркістан облысындағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 15 500 мемлекеттік тапсырыс бөлінген. Оның 9 500-і – жұмысшы мамандықтарға бағытталған. Түркістан облысының әкімдігі өңіріміздегі 50 колледжді заманауи өндіріс талаптарына бейімдей отырып, дуалды оқыту жүйесін кең көлемде енгізіп отыр. Облыс әкімі соның жарқын мысалы ретінде Түркістан индустриялық аймағында орналасқан «BNK GROUP» және «Жасыл-Суық» компанияларын ерекше атап өтті. Бұл кәсіпорындар колледждермен тығыз серіктестік орнатып, электрмонтер, дәнекерлеуші, электрик, техник-оператор сияқты сұранысқа ие мамандықтар бойынша студенттерді жұмысқа қабылдаған. Осы кәсіпорындарда 24 студент дуалды оқыту жүйесіне енгізіліп, оның 14-і тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында облысымызда жаңа 6 мамандық ашылған. Бұл өндірістік сектордың, жұмыс берушілердің нақты сұранысынан туындаған шешім екеніне назар аударылды.
«Самұрық-Қазына» АҚ-ның басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов Ұлттық әл-ауқат қоры тарапынан Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында кәсіптік білім беруді дамыту және жастарды қолдау бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеді. Осы игі бастамаға қолдау білдірген облыс басшылығына алғысын жеткізді. Жас мамандардың әлеуетін дамыту, олардың кәсіби дайындығын шыңдау, білімі мен тәжірибесін біріктіріп, ұштастыру, жұмысшы мамандардың біліктілігін арттыруда биыл 3 мыңнан астар жастар Қордың жетекші кәсіпорындарында тәжірибеден өткенін айтты.
Сондай-ақ іс-шара аясында колледж – кәсіпорын – студент арасындағы үш жақты меморандумдар түзілді. «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы дуалды оқыту жүйесін қазіргі еңбек нарығына сай практикалық бағыттағы тиімді жүйе ретінде ілгерілеуін әрі қарай да үйлестіретін болады.