«AMANAT» партиясының «Чемпиондық рух» жобасы жастарды атақты спортшылармен табыстыратын, олардың жеке шеберліктерін танып білетін, жетістіктерді бағындыруға шабыт беретін алаң болып бекіп келеді. Партияның Түркістан облыстық филиалының «Жастар рухы» жастар қанаты өздеріне үлгі болар спорт саңлақтарынан шеберлік дәріс алу кездесулерін өткізуді жақсы үрдіске айналдырып отыр.
Облыстық «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері бас қосқан «Чемпиондық рух» жобасының кезекті мейманы – бокстан әлем чемпионы, 2020 жылы Токиода өткен жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, өз салмағында Азия чемпионы атанған Сәкен Бибосынов болды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері жастарға жалынды сөзін арнап, қазақ боксшыларының даңқты жолы туралы қызықты деректермен бөлісті. Ұлы дала елінің ұландары шаршы алаңда атой салып, алты құрлықты жұдырыққа «сыйғызып» жүргенін жеткізді. Көк туды жаһанға әйгілеп жүргендердің барлығы да бұл табыс жолына үздіксіз ізденістің, тыңғылықты дайындықтың нәтижесінде келгенін айтып, жастарды қиындықтың бәрін еңсеріп, жеңіске ұмтылуға шақырды.
Іс-шараға қатысушылар бокс шеберімен жаттығу өткізді, жеке дайындықты қамту жөніндегі құнды мағлұматтарға қанықты. Облыстық партия филиалының «Жастар рухы» жастар қанатының жетекшісі Жансерік Жұман осы кездесуді ұйымдастырып, өткізуге қолдау көрсеткен Төлеби ауданы, Кемеқалған ауылдық округі, Қаратөбе елді мекенінің тұрғыны, «Қазығұрт» спорт кешенінің құрылтайшысы Мақсат Князовқа алғысын білдіріп, жұмысына табыстар тіледі. Айта кетуіміз керек, бұл спорт кешені ауыл балаларының бокспен тегін шұғылдануына жағдай жасап, болашақ чемпиондарды тәрбиелеу ісіне ден қойған. Ауыл балалары саңлақ спортшымен кездесіп, шаршы алаңда жұдырық түйстірген сәттен керемет әсер алды. Іс-шараға қатысушылар чемпионмен қимай қоштасып, осы мазмұндағы іс-шаралардың алдағы уақытта тұрақты өткізіліп тұруына тілектестігін білдірді.