Бүгін «AMANAT» партиясының Түлкібас аудандық филиалында «Баланы мектепке дайындайық!» акциясы болып өтті. Қайырымдылық пен ізгілікті мақсат тұтқан іс-шараға партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, партия ардагерлері Асланбек Нұранов, Өтепбай Маткеримов, Сауранбек Танатбаев, аудандық мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев, аудандық фракция депутаттары Берік Құлжабаев, Қуаныш Қоқанбаев, Түлкібас аудандық білім бөлімінің басшысы Досжан Қыдырәлиев, партияның аудандық филиалының төрағасы Ержан Жүнісов қатысты.
«Баланы мектепке дайындайық!» акциясы бұл бір реттік шара емес, ел ертеңіне бағытталған қамқорлықтың зор үлгісі деп байыптады Алтынсары Дүйсенбекұлы. «Жақсылық – үлкен іс емес, кішкентай мейірімнен басталады. Оқу жылы әр бала үшін шабыт пен сенімге толы бастама болуы керек. Бір баланың мектепке дайын болып баруын – бір отбасының үмітінің ақталуы деп білуіміз қажет. «AMANAT» партиясы осы іс-шараны жыл сайын тұрақты түрде өткізіп келеді. Партияның Түркістан облыстық филиалы биыл кемі 3200 баланың мектепке дайындығын қамтитын болады. Осы бастамамыз – жай ғана көмек емес, ол – қоғам бірлігінің, жанашырлық пен қамқорлықтың нақты көрінісі. Балаларымызға қуаныш сыйлауға фракция депутаттары, бастауыш ұйымдардың белсенділері, партия ардагерлері үлкен үлестерін қосып келеді», — деді Алтынсары Үмбетәлиев.
Жиынға қатысқан ел ағалары жаңа оқу жылының табалдырығын аттау әрбір бала үшін жеңіл бола бермейтінін айтты. Осындайда қоғамның бірлігі мен жанашырлығы сынға түсетінін жеткізіп, қиналғанға қол ұшын созу халқымызда бұрыннан бар ізгі қасиет екеніне тоқталды. Өмір болған соң, бірде қиналып, бірде қуанып ғұмыр кешетінімізді білдіріп, әрбір отбасыға қиындықтың артта қалуына тілектестктерін білдірді. Осында жиналған әрбір ана, әрбір бала бақытты өмір сүруге лайық деп ағалық ақылдарын айтып, білім жолына түскен балаларға ақ жол тіледі, баталарын берді.
Депутаттық корпус атынан сөз алған мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев, «Баланы мектепке дайындайық!» акциясы көмекке мұқтаж отбасыларға қолдау көрсету арқылы білімге деген тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін маңызды әлеуметтік бастама деп атады. Біз қоғам болып, осы іс-шараны өткізу арқылы баланың болашаңына сенім ұялатамыз, қоғамның өзара жанашырлық қасиетін нығайтамыз деп мәлімдеді.
Акция барысында көп балалы, аз қамтылған, әлеуметтік осал топтағы азаматтар санатына жататын отбасылардың 20 баласына мектеп сумкалары, мектеп формалары табысталды.