«AMANAT» партиясы Партиялық бақылау департаментінің директоры Дәурен Бижуманов Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары аясында партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында Мақтаарал ауданында салынып жатқан мектептердің құрылыс барысымен танысты. Жаңажол ауылдық округі, Нұрлы жол елді мекеніндегі және Бірлік ауылдық округі, Еркінабад елді мекеніндегі 200 орындық мектептердің құрылыс барысы туралы Түркістан облыстық құрылыс басқармасының жауапты өкілдері, партияның Түркістан облыстық филиалының заңгері Нүркен Естебеков, партияның Мақтаарал аудандық филиалының төрағасы Мұхтар Сәрсенов, аудандық партия филиалы жанындағы партиялық бағылау комиссиясының төрағасы Қалмырза Амалбекұлы, аудандық мәслихат депутаттары, партиялық фракция мүшелері, аудан әкімдігінің жауапты өкілдері есеп берді.
Атап өтуіміз керек, бұл екі мектептің де құрылысы аяқталу сатысына келіп жеткен, атқарылған жұмыстардың көлемі 95 пайыздан асады. Мердігер ұйымдардың жетекшілері мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері білім мекемелері жаңа оқу жылына дейін толық аяқталатынына сенім білдірді.
«- Мектептердің құрылыс-монтаждау жұмыстары толық көлемде атқарылды, қазір қажетті жабдықтар мен оқу құралдарын, мектеп жиһаздарын орналастыру, ғимарат іші мен сыртында соңғы тазалық жұмыстарын жүргізу жұмыстары атқарылуда. Сынып бөлмелерін жабдықтау мәселесін айрықша бақылауымызда ұстап отырмыз. Бұл мәселеде мердігер ұйымдармен және жабдықтарды жеткізуге жауапты ұйымдармен күнделікті байланыстамыз. Жаңа мектептер қыркүйекте алғашқы оқушыларын қабылдайтын болады», — деді Түркістан облыстық құрылыс басқармасының жауапты маманы Төрехан Әліханұлы.
Мектептердің дайындығын бақылаудан өткізген Дәурен Еркінұлы, партияның бақылауында тұрған бұл мектептер жаңа оқу жылына толық дайын болуы керектігін ескертті. Жоба құжаттарына сәйкес мектептердің жабдықталу деңгейінің толық көлемде атқарылуын уәкілетті мемлекеттік органдармен қоса партия өкілдері, депутаттар, мектеп директорлары да белсенді қатысуы керектігін атап өтті.