«AMANAT» партиясының Партиялық бақылау комитеті кезекті көшпелі жұмыс мәжілісін бүгін Павлодар облысында өткізді. Комитет төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясы жетекшісінің орынбасары Павел Олегович Казанцевтің жетекшілігімен өткен жұмыс жиынында партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасын Павлодар облысында іске асыру жөніндегі Жол картасы тармақтарының орындалуы қаралды. Партия бекіткен кешенді жоспардың орындалуы қаралған жиынға партияның барлық өңірлік филиалдары бейнебайланыс коференциясы режимінде қосылды.
Партияның Түркістан облыстық филиалынан Партиялық бақылау комитетінің отырысына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, облыстық партия филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Алмас Салимов, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Еркін Забиров, облыстық партия филиалының партиялық бақылау инспекторы Асқар Еркінбеков қатысты.
Жиынның күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша Павлодар облысының әкімі Асаин Байхановтың, Партиялық бақылау комитетінің мүшесі Арман Евниевтің, Павлодар облыстық мәслихатының және облыстық партия филиалының төрағасы Илья Сергеевич Теренченконың хабарламалары тыңдалды. Жиын барысында партияның Сайлауалды бағдарламасы бойынша салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылыс сапасын қадағалау, олардың мерзімінде іске қосылуын үйлестіру бойынша нақты тапсырмалар берілді. Әсіресе, жаңа оқу жылы қарсаңында құрылыстары жүргізілген мектептерді пайдалануға тапсыру мәселесі өзекті екені айтылды.
Атап өтуіміз керек, Сайлауалды бағдарламаның Түркістан облысы бойынша Жол картасында 5 жылдық мерзімде 136 индикатор бойынша 568 іс-шараны орындау жоспарланған. Соның ішінде 2025 жылы 121 іс-шараның орындалуы партиялық бақылауға алынған. Бірінші жартыжылдықта биылға жоспарланған іс-шаралардың ішінде 51 тармақ толықтай орындалды. Қалған тармақтардың орындалуын облыстық партия филиалы жіті қадағалауына алған. Партия бекіткен жоспардың орындалуында Ордабасы, Сарыағаш, Мақтаарал аудандары мен Арыс қаласы жақсы нәтижеге қол жеткізсе, бұл бағыттағы жұмыстарын Бәйдібек, Келес аудандары мен Түркістан қаласы ширатуы қажет.
Сайлауалды бағдарлама шеңберінде биыл 34 мектепті пайдалануға беру көзделген болса, есепті мерзімде, Жол картасы аясында 2 493 орындық 7 жекеменшік мектеп пайдалануға берілді. Оған қоса 6 мектептің құрылысы толықтай аяқталып, жақын күндері пайдалануға беріледі деп жоспаралнған. Қалған мектептердің құрылыстары жалғасып, жыл соңында ашылады деген жоспар бар.
«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы Жол картасы тармақтарының орындалуын үйлестіруді жалғастыра береді және жоспарға енген әлеуметтік нысандар құрылыстарын партиялық бақылау құрылымдары арқылы жүйелі қадағалауында ұстайды.