Бастауыш партия ұйымдарының белсенділігін қамтуда «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы тарапынан нақты жұмыс көрсеткіштері белгіленді. Оның ішінде бастауыш ұйымдар азаматтардың партияға деген сенімін нығайтуға қызмет ететін маңызды буын екеніне баса мән берілді. Партияның бастауыш ұйымдары ауыл-аймақтарда қордаланған әлеуметтік маңызы бар мәселелерді жинақтап, олардың шешім табуына партия ресурстарын жұмылдыра білуі тиіс екені айтылды.
Осы міндеттерді жүзеге асыруға тиіс бастауыш ұйымдар сындарлы диалог алаңы болып қалыптасуы қажет деген меже қойылды. Партияның төменгі буын құрылымдарының қызметін проактивті бейінде ілгерілетуде әрбір бастауыш ұйымда аудандық мәслихат депутаттарының тоқсанына кемінде екі мәрте, облыстық мәслихат депутаттарының үш айда ең азы бір мәрте жергілікті тұрғындармен кездесу өткізуі тиіс деген талап қойылды. Партияның сенім мандатын иеленген депутаттардың бастауыш ұйымдарда азаматтармен кездесулерін тұрақты негізде өтуін ұйымдастыру мәселелері аудандық, қалалық партия филиалдарына жүктелді.
Облыстық партия филиалы қабылдаған меже-міндет шеңберінде Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Сарыағаш ауданындағы «Қызылжар» бастауыш партия ұйымында жергілікті тұрғындармен кездесіп, азаматтардың талап-тілектерін тыңдады. Облыстық мәслихат депутаттарының халықпен кездесу жиынына Сарыағаш аудандық партия филиалының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты, фракция жетекшісі Шермат Ибрагимов, Қызылжар ауылдық округі әкімінің орынбасары Ғазиз Майрихов қатысып, тұрғындар білдірген өзекті мәселелер бойынша қосымша мағлұматтар берді.
Азаматтармен кездесу барысында ағын су мәселесіне байланысты түйткілдер көтерілді. Егін баптаумен шұғылданатын шаруалар биылғы құрғақшылықтың зардабын тартып жатқаны, су арналарына қосымша су сорғы қондырғыларын қою мәселесі айтылды. Жауапты өкілдер тұрғындардың осы сұранысы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты, көтерілген мәселе оң шешілетін болды. Ауыл жолдарының қазіргі ахуалы да сөз болып, бұл мәселе бойынша да жоспарлы жұмыстар атқарылмақ. Депутаттардың осы мазмұндағы кездесу жиыны «Жібек жолы» бастауыш партия ұйымында жалғасып, ауыл шаруашылығы кооперативіне қатысты мәселелер жан-жақты пысықталды.
Бастауыш партия ұйымдарының белсенді қызметін қамтуға, аманаттық депутаттардың тұрғындармен етене жақын байланыста болып, қоғамдағы күрмеуі қиын мәселелердің шешім табуына бір қолдың саласындай әрекет етіп, жұмылуына барлық мүмкіндіктерді қарастыратын боламыз.