Бүгін «AMANAT» партиясының «Баланы мектепке дайындайық!» акциясы ұлттық бірліктің символына айналған, елдіктің алтын бесігі болған қайырымды мекен – Ордабасы ауданында жалғасты. Партиямыздың «Бақытты отбасы» жобасы аясында өткен іс-шараға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, олыстық мәслихаттағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Ордабасы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей, партияның Ордабасы аудандық филиалының төрағасы Әлиасқар Бердімұрат қатысты.
Акция аясында 15 балаға мектепке қажетті сумкалар мен спорттық киімдер табысталды. Партияның бастамасымен іске асып жатқан жоба жайлы Алтынсары Дүйсенбекұлы мағлұмат берді.
«- Жыл сайын бұл бастама мыңдаған баланың мектепке сеніммен қадам басуына себепкер болып келеді. Өйткені мектепке қажетті киім-кешек пен оқу құралдары әрбір оқушының өзіне деген сенімін арттырып, білімге деген құлшынысын оятады. Бала күлімдесе – әлем де күлімдейді. Қарапайым көмек – бір баланың тағдырын өзгертуі мүмкін. Ол ертең өзіне қамқор болған жандарды үлгі тұтып өседі. Мейірім көрген жүрек – мейірімге толы болады. «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы өңіріміз бойынша 3200-ден астам баланы мектепке дайындауға көмек көрсетіп отыр. Біз әр баланы болашақ ел тұтқасы деп білеміз. Олардың білім алуына жағдай жасауды бүкіл қоғамның парызы деп санаймыз. Акция аясына партияластарымыз бірігіп, ізгі істердің жаршысы болып келеді», — деді облыстық партия филиалының төрағасы.
Ордабасы — ұлы тұлғалар ел болашағы үшін бас қосып, ынтымаққа үндеген қасиетті жер екенін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы айтты. «- Ұлттық бірлік пен татулықтың рухы әлі күнге дейін Ордабасы жұртында сақталған. Бүгінгі таңда ордабасылықтар ортақ іске жұдырықтай жұмылып, әр бастамаға ортақтасып, елдің амандығын бірінші орынға қояды. Ауыл-аймақтың азаматтары ауызбіршілікті ту етіп, берекелі тірлік жасауда. Бұл атадан балаға жалғасқан игі дәстүр. Ордабасы – қайырымды мекен. Мұнда мұқтажға көмек көрсету, жетімге демеу болу, жалғызға жәрдем беру өмір салтымызға айналған. Бұл өңірде елге, жерге, ұрпаққа деген жанашырлық бар. Сондықтан да Ордабасыны – Бірлік мекені, Қайырымдылық ордасы деу бекер емес», — деді ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей.
Білім беру ісін ел болашағының кепілі, ал баланы сол болашақтың алтын діңгегі деп білетін «AMANAT» партиясы, «Баланы мектепке дайындайық!» акциясын жұрт болып жұмылып жасайтын жарқын іс ретінде жүйелі жалғастыра беретін болады.