«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Әйелдер қанаты «Әйелдерге қолайлы кәсіпорын» жобасының стандарттары бойынша өңірдің ірі кәсіпорындарында әйелдердің еңбек жағдайын жақсартуды ынталандыруға арналған кешенді талдау жүргізуді бастады. Зерделеуде әйелдердің еңбектегі құқықтарын қорғауға баса мән беріліп, оларға қарастырылған жеңілдіктер мен кепілдіктердің іс жүзінде орындалуына қоғамдық бақылау жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар әйелдердің әлеуметтік, саяси және экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге, отбасылық және демографиялық саясатты қолдауға арналған.
Партия өкілдері Сауран ауданы, шағын өндірістік паркте ашылған «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» ЖШС-нің өндірістік тоңазытқыштар өндіру цехтарында, «BNK group LTD» ЖШС-нің жаңбырлатып суғару қондырғыларын шығару өндіріс орнында және Түркістан қаласындағы «Локомотив пайдалану депосы» ЖШС-нің темір жолдағы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жылжымалы құрамнан 17 – магистральді, 3 – маневрлік тепловоздардың қалыпты жұмысын қамту кәсіпорнында ауыр және зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін әйелдердің, басқа да жұмысшы әйелдердің еңбек орны жағдайымен танысты, оларға жасалған қолайлы мүмкіндіктерді зерделеді.
«JASYL SUYQ QAZAQSTAN» ЖШС-де әйелдердің мансаптық өсуі мен басқаруға қатысуында гендерлік теңдік сақталғаны белгілі болды, мұнда басшылық құрамның тең жартысын әйелдер құрайды. Кәсіпорында жұмысшыларды тасымалдау қызметі ұйымдастырылған, әйелдер мен ер азаматтарға жұмысшы киімдері тең дәрежеде беріледі, еңбекақы төлеу мәселесінде де айырмашылықтар жоқ. Зерделеу жүргізілген аталған үш кәсіпорында да аналарға арналған бөлмелер, әйелдердің киім ауыстыру блогі, бөлек санитарлық торап қарастырылған. Ал «Локомотив пайдалану депосы» ЖШС-де «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының бастамасымен тұрақты түрде әйел қызметкерлер арасында буллинг, харрасмент мәселелері бойынша анонимді сауалнамалар жүргізіліп тұратыны айтылды.
Партияның Әйелдер қанатының бастамасымен жүргізіліп жатқан мұндай зерделеулер бастапқы кезеңде өңіріміздегі 10 ірі кәсіпорынды қамтитын болады.