«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева Қазығұрт ауданына жасаған жұмыс сапары аясында қоғамда өзіндік орны бар, белсенді әйелдердің басын қосып, Әйелдер қанаты атқаратын жұмыс бағыттары төңірегінде ой бөлісіп, пікір алмасты. Кездесуге әжелер алқасының мүшелері, білім беру, денсаулық сақтау, мектепке дейінгі тәрбие беру ұйымдарында еңбек ететін белсенді қыз-келіншектер, іскерлік ортада беделі бар ханымдар, азаматтық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Гендерлік теңдікті қамтамасыз етіп, әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыруға арналған жиынға Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев, партияның Қазығұрт аудандық филиалының төрағасы Есімхан Исақұлов қатысып, ортақ талқыға түскен тақырыптар шеңберінде мемлекет айқындаған басымдықтар жөнінде ойларымен бөлісті.
Әйелдердің қоғамдық қатынастар саласындағы орны кеңінен талқыға түскен басқосуда, әйелдердің құқығын қорғау, отбасылық құндылықтарды нығайту және инклюзивті қоғамды дамыту бойынша Әйелдер қанаты атқарып жатқан жұмыс бағыттары таныстырылды. Партия аясында белсенді әйелдердің басын қосып қана қоймай, әйел көшбасшылардың жаңа буынын қалыптастыруға, бүгінгі қоғамдағы әйелдер қауымы кезігіп жатқан ортақ өзекті мәселелерді айқындап, оларды шешу жолдарын бірлесіп іздеуге басымдық берілені айтылды. Қоғамдағы белсенді әйелдердің басын қосқан бұл ұйым, қысқа уақыт ішінде қоғамның дамуында өзіндік орны бар беделді алқалы органға айналғаны мәлімделді
Алтын құрсақты Түркістан өңірінде 187 мыңнан астам көпбалалы аналар бар екеніне баса мән берілді. Әйелдердің әлеуметтік сұраныстарынан бөлек, оларды қоғамдық қатынастардың белсенді өкілі ретінде қалыптастыруға үлкен басымдық берілгені жеткізлді. Әйелдердің бастамашылдығымен қоғамда іргелі өзгерістер жасауға болатыны түсіндірілді. Облыстық Әйелдер қанатының ұйытқы болуымен өңіріміздің 3 ауданында «Кітап-AMANAT» рухани-ағартушылық орталықтары ашылып, зейінді ұрпақ, адал азамат тәрбиелеудің алғышарты түзілгені айтылды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өзектілігін айқындауда облыстық Әйелдер қанатының алғашқы форумы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналып, оның жұмысына партия филиалының басшылығы, Түркістан облысы әкімінің орынбасары, облыстық мәслихат депутаттары, құқық қорғау және сот органдарының жауапты өкілдері, мекемелер мен ұйымдардың басшылары, аудан, қалалардағы белсенді әйел азаматтар қатысқаны мәлімделді. «Қошқаратадағы қыз» деректі фильмінің көрсетілімдері аудан, қалаларда өткізілгені жеткізілді.
Бәріне теңдей мүмкіндіктер беретін қоғам қалыптастыруда, мүмкіндігі шектеулі балалар арасында «Тең қоғам» инклюзивті спорт түрлерінен фестиваль ұйымдастырылып өткізілсе, ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған арнайы оңалту орталығының құрылысын партиялық бағдарламаға еніп, оның салынуы партия өкілдерінің жіті қадағалауында жүріп жатқаны туралы мағлұмат берілді. Халықаралық мүгедектерді қорғау күні аясында барлық аудан, қалаларда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға арналған іс-шаралар өтіп, әлеуметтік әділдікті іс жүзінде нығайтуға жәрдемші болып отырғанымыз айтылды.
Жиын барысында тәрбие, тағлым мәселелері қозғалды, «Балаңа уақыт арна!» акциясының мән-маңызы айтылды. Күні кеше ғана Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының төрағасы Аида Ғалымқызы Балаева қазақстандық ата-аналарға үндеу жолдап, кәмелетке толмаған балалардың кешкі және түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз қоғамдық орындарда жүру фактілерінің жиілеп кетуіне алаңдашылығын білдіргені жеткізілді. Ішкі істер министрлігінің ресми мәліметтері бойынша, биылғы 27-29 шілде аралығында өткен «Түнгі қаладағы балалар» прфилактикалық рейді шеңберінде балалардың беймезгіл уақытта заңды өкілдерінің қадағалауынсыз жүрген фактілер бойынша 8 мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталғаны бәрімізді ойлантуы тиіс жағдай екені мәлімделді.
Жиынға қатысушылар ерте жүктіліктің алдын алу, әжелер институтының тағлымды дәстүрлерін жаңғырту, бала тәрбиесіндегі түйткілдер, қыз бала денсаулығын күтімге алу, балаларға психологиялық қолдау көрсетудің маңызы, спорт үйірмелерінің жұмысы, мектепке дейінгі тәрбие жұмыстарын жақсарту бастамалары жан-жақты қаралып, нақты ұсыныстар айтылды. Әйелдер кәсіпкерлігіне қолдау көрсету мәселелері көтеріліп, бірқатар маңызды бастамалар айтылды. Айтылған барлық мәселелер Әйелдер қанаты өткізген кездесудің хаттамасына еніп, олардың орындалуы бойынша жүйелі шаралар қабылданатын болады.