Партиялық қызметтің басты мәні – сайлаушылармен бір толқында болу, азаматтардың сұраныстарын тыңдауға, оларды оңтайлы шешу жолдарын қарастыруға ықпал ету. Халықпен бірге шешім қабылдау – «AMANAT» белгілеген стратегиялық басымдық. Азаматтармен тең диалог жүргізіп, шешімдерді бірлесіп іздеуде түрлі мазмұндағы қоғамдық қабылдаулар өткізу, азаматтық еркін талқы алаңдарын құру бастамалары сәтті іске асырылып келеді.
Партияның Түркістан облыстық филиалының ұйытқы болуымен 17 аудан, қаланың шалғай ауылдарында айына бір мәрте көшпелі қоғамдық қабылдау кездесулері өткізіліп, биліктің барлық тармағымен өзара іс-әрекет ету және мемлекеттік шешімдер қабылдау процессіне азаматтардың қатысу мүмкіндігін кеңейтуге баса мән берілген. Осы сипаттағы мобильді көшпелі қоғамдық қабылдау кездесуі бүгін партияның Сайрам аудандық филиалының ұйымдастыруымен Жібек жолы ауылдық округінде өтті.
Қоғамның қажеттіліктеріне назар аударуға, азаматтарды толғандырған өзекті деген мәселелердің шешім табуына жәрдемдесуге арналған кездесу жиыны ауылдық мәдениет үйінің ауласында өтіп, оған партияның Түркістан облыстық филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғабиден Қапалбаев, аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімдігінің жауапты өкілдері, аумақтық мемлекеттік органдардың қызметкерлері, кәсіби заңгерлер, мемлекеттік және жеке сот орындаушылары, медиаторлар, халыққа қызмет көрсетуші ұйымдардың жауапты азаматтары қатысты.
Азаматтардың арасында құқықтық мәселелер өте өзекті болып табылатынына тоқталған Қалыйма Жантөреқызы, «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында азаматтар кәсіби заңгерлердің көмегіне жүгінуге мүмкіндік алғанын жеткізді. Азаматтарды толғандырған кез келген мәселе қолданыстағы заңдар шеңберінде, әділеттілік принципін негізге ала отырып шешім табуы тиіс екеніне назар аударды.
«- Биылғы бірінші жартыжылдықта партияның Түркістан облыстық филиалы азаматтардан 9 мыңға жуық арыз-өтінішті қабылдады. Партия ықпалымен бес жарым мыңнан астам мәселе шешімдерін тапты. Бұл бізге түскен барлық өтініштің 62 пайызына тең. Үш жарым мыңға жуық өтініш бойынша құқықтық кеңестер беріліп, азаматтар көтеріп жатқан мәселелерді заңда көзделген тәртіппен реттеу тетіктері түсіндірілді. Аудандық партия филиалы ашып берген осы алаңның мүмкіндіктерін пайдалана отырып, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі ретінде, қыз-келіншектер білдіріп жатқан сұраныстарды тыңдайтын боламын. Әйел адам ол ең алдымен – Ана, отбасының ұйытқысы. Кез келген мәселенің астарында отбасының жаймашуақ тынысын қамтамасыз ету, перзент болашағын ойлау, жайлы тұрмыс сұраныстары бар. Әйелдің сұранысын – қоғамның сұранысы деп байыптап үйренуіміз керек», — деді Қалыйма Жантөреқызы.
Қабылдау барысында азаматтар көтерген негізгі базыналардың қатарында жерге байланысты мәселелер, көшелерді жөндеу, кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету, ағын су тапшылығы, ауыл шаруашылығы мәселелері, тозығы жеткен инфрақұрылымдарды жаңғырту бойынша ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ кездесу барысында ұрпақ тәрбиесі, отбасы құндылықтарын ілгерілету, медициналық қызметтің сапасын арттыру, адам денсаулығын сақтауда профилактикалық жұмыстарға ден қою, созылмалы дерті бар, туабітті диагнозы бар балалар үшін оңалту орталықтарын салу мәселелері бойынша азаматтар өз ой-пікірлерін жеткізді. Кәсіби заңгерлердің көмегіне жүгінген тұрғындар алимент өндіру, банктермен несие шартын қайта қарастыру, ортақ мүлікті заңдық негізде бөліске салу, еңбек қатынастары саласындағы құқықтарының сақталуы бойынша кеңестер алды. Айтылған әрбір сұраныстың орындалуы партия назарында, депутаттардың бақылауында болады.
Тұрғындармен кездесу жиынынан соң Қалыйма Жантөреқызы «Жібек жолы» бастауыш партия ұйымында партия белсенділерімен жүздесіп, облыстық партия филиалы Әйелдер қанатының қызметін таныстырып өтті. Атап өтуіміз керек, «Арай» балабақшасының меңгерушісі Ақмарал Сағындықова жетекшілік ететін бастауыш партия ұйымға 177 адам мүше болса, оның 65 пайызға жуығын – қыз-келіншектер құрайды.
«Жібек жолы» бастауыш партия ұйымы аудандағы белсенді қызметі бар азаматтық құрылым санатында. Бастауыш ұйымның алаңында жыл басынан бері облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының қатысуымен 6 қоғамдық қабылдау өтіп, жергілікті тұрғындар үшін өкілді билік тармағымен кері байланыс арнасы түзілген. Партия ашып берген алаңды пайдаланған тұрғындар партияның сенім иеленген депутаттарға тұрғын үймен қамту, әлеуметтік көмек алу, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен көп балалы отбасыларға қолдау көрсету, ауыз сумен, газбен, сапалы электр қуатымен қамту мәселелерін жеткізген. Азаматтар білдірген жекелеген сұраныстар дер кезінде шешімдерін тапқан болса, кейбір өтініштер бойынша заң талаптары түсіндіріліп, аймақты дамытудың кешенді жоспары туралы мағлұмат берілген. Бастауыш ұйым сондай-ақ партиялық жобаларды іске асыруда жемісті нәтижелерге қол жеткізген.
Партия белсенділерімен кездесу барысында Қалыйма Жантөреқызы ұрпақ тәрбиесі мәселесіне кеңінен тоқталды. Тәрбие – тал бесіктен басталатынын айтып, адам баласының өсіп-өнуі балабақшадан тамыр жаятынын еске салды. Балғындар бойына мейірім мен бауырмалдықты сіңіре білсек, мемлекетшіл көзқарасы орнықты, әділдіктің туын берік ұстайтын азамат жетілетініне сенім білдірді. Партияның Әйелдер қанаты Қазақ мемлекетінің материалдық емес құндылықтарын қайта түгендеп, оны жастардың санасына сіңіруді басты міндетіміз деп байыптайтынын жеткізді.