Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында облыстық әділет департаментімен, облыстық адвокаттар алқасымен, облыстық партия филиалы жанындағы Әйелдер қанатымен бірлескен қоғамдық қабылдау өтті. Партияның «Құқықтық көмек» жобасы аясында өткен қабылдауда азаматтар білдірген сұраныстарды облыстық полиция департаментінің, жеке сот орындаушылар өңірлік палатасының, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, энергетика және коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының, Түркістан қаласы әкімі аппаратының жауапты өкілдері, адвокаттар, нотариустар, медиаторлар тыңдап, заңға сәйкес оңтайлы шешу жолдарын ұсынды.
Партия алаңында ашылған халықпен кері байланыс арнасының тиімділігі жайлы облыстық партия филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы Қалыйма Жантөреева айтып берді. «- «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы азаматтардың құқықтық мәселелерінің шешім табуында облыстық әділет департаментімен, адвокаттар алқасымен, нотариустармен және медиаторлармен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, азаматтарға кәсіби заңгерлік көмек көрсету, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға күш біріктіріп отырмыз. Көптеген азаматтар несие қарыздары бойынша қиындықтарға тап болып, банк шоттары жабылып қалып жатады. Алимент өндіру ісі созбалаңға салынған жағдайлар да көптеп кездеседі. Жеке сот орындаушыларына қатысты атқару өндірісі мәселелері көтеріліп жатады. Несие алып төлей алмай жатқан да, алимент өндіруде қиналып отырған да, алаяқтарға алданып, қаржы шығындарына батқан да әйелдер екенін көріп отырмыз. Сондықтан, бүгінгі қабылдауға келген әйел азаматтар көтерген мәселелерді облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі ретінде жеке бақылауыма алып, олардың орындалуын үйлестіретін боламын», — деді Қалыйма Жантөреқызы.
Тұрғындардың құқықтық сұраныстарына жауап беруде, диалог алаңдарының пайдалы тұстары туралы Түркістан облыстық әділет департаментінің басшысы Нұржан Махамбетов айтып берді. «- Облыстық әділет департаменті жыл басынан бері өңіріміздің аудан, қалаларындағы 12 елді мекенде құқықтық көмек беру кездесулерін өткізді. Біз азаматтардың облыс орталығына келуін күтпей, адвокаттарға, нотариустарға, медиаторларға және жеке сот орындаушыларына қатысты мәселелерін халық алдына барып, тыңдауды іске асыруды қолға алдық. Мұндай кездесулер «AMANAT» партиясымен бірлесе және құзырлы мемлекеттік органдардың қатысуымен өтіп отыр. Биыл Әділет министрлігі тарапынан Түркістан облысына халыққа тегін құқықтық көмек көрсету үшін 120 млн. теңге бөлінді. Біз бұл қаражатты адвокаттарға, нотариустарға, кәсіби заңгерлерге азаматтарға көрсетілген нақты құқықтық көмектер үшін төлейміз. Мемлекет барлық мүмкіндікті қарастырып берді, азаматтарды кәсіби заңгерлердің көмегіне жүгінуге шақырамын», — деді Нұржан Әлиханұлы.
Облыстық адвокаттар алқасының төрағасы Қайрат Қамбаров партиямен бірлесе өткізіліп жатқан бүгінгі қабылдауда, адвокатура азаматтардың өз құқықтарын қорғауға, оларға білікті заң көмегін ұсынуға даяр екенін атап өтті. Төрағаның қабылдауына келген тұрғын өз үйін кепілге қойып, туысына қаржы ұйымынан несие алып бергенін, қазір несие шарты орындалмауына байланысты, тұрғын үйден айрылу қауіпіне түскенін жеткізді. Азамат көтерген мәселе бойынша адвокат тағайындылып, өтініш айтушының іс-құжаттары толық зерделеуден өтетін болды.
Түркістан қаласының тұрғыны биыл үйі табиғи газ желісіне қосылғанын айтты. Бірақ, «ҚазақГаз Аймақ» өндірістік бөлімшесі тұрғын үйдің құжаты дұрыс рәсімделмеуіне байланысты техникалық шарт беруден бас тартып отырғанын, осы мәселе бойынша құқықтық кеңес беруді өтінді. Азамат ұсынған құжаттарды көріп шыққан заңгерлер тұрғын үйді дұрыс рәсімдеу талаптарын түсіндіріп, оны қалай жүзеге асыруға болатыны жөнінде кеңестерін берді. Тұрғын үйдің сызбасы, көлемі, бөлмелердің орналасу реті құжат жүзінде бекітілмейінше, табиғи газ желілеріне қосылуға рұқсат берілмейтіні айтылды.
Қабылдауға келген көптеген азаматтар несие қарыздары бойынша банк есепшоттары бұғаттауға түскенін айтып шағымданды. Әділет департаментінің басшысы осы мазмұндағы әрбір сұранысты жеке тыңдап, азаматтарға жауапты заңгерлерді бекітіп берді. Кәсіби заңгерлер әрбір қарыз алушымен жеке-дара жұмыс жүргізіп, банктер мен тұтынушы арасында мәміле орнығуын, несиелерді төлеу кестесін азаматтарға ыңғайлы етіп, қайта бекітілуін үйлестіретін болды. Партия көмегіне жүгінген тағы біраз тұрғынға алимент өндіру мәселесі бойынша нақты көмек көрсетіліп, атқарушылық құжаттардың орындалуына қозға салынды. Бұл мәселеде шұғыл қимыл жүргізуді талап ететін басшы ретінде Нұржан Әлиханұлы, қызметіне шағым айтылған жеке сот орындаушыларымен телефон арқылы байланысып, азаматтар сұраныстарының шешілуіне ықпал етті.
«Құқықтық көмек» алаңында мәселелерінің оң шешілгеніне қуанған тұрғындар «AMANAT» партиясына және Түркістан облыстық әділет департаменті мен адвокаттар алқасына алғыстарын айтты.
«Біз автокөліктерді утилизация кәсібімен айналысамыз. Бірнеше автокөлікті қолхат арқылы сатқан жағдайымыз бар еді. Міне, үш жылдың жүзі болды, сатқан мүлкіміздің қаржысын ала алмай, сандалып келеміз. Бүгін осы қабылдауға келіп, адвокаттардан заңгерлік кеңес алдым. Қарыз қаражатты өндіру, жеке сот орындаушылар тарапынан атқарушылық құжаттарды орындау бойынша заңды құқықтарымды қорғаудың жолдарын білдім. Үш жылдан бері отбасымыздың уайымы болған мәселеміз шешім табуының сәл-ақ алдында тұр», — дейді қуанышын жасырмаған қала тұрғыны Әсемгүл Мұсабекова.
Дәл осындай қуанышты сәтін 61 жастағы зейнеткер тұрғын да жасырмады. «- Банк алдындағы несие қарызым үшін банк есепшотым бұғатталып, зейнетақымды ала алмай қалған едім. Бүгін облыстық әділет департаментінің басшысы Нұржан Махамбетов есепшотымды ашып беруге жәрдем көрсетті, енді қаржы ұйымына барып, өзіме ыңғайлы қарыз өтеу кестесін бекітетін боламын», — деді қуанған қала тұрғыны.
Қабылдау барысында айтылып, шешім табуы басқа да құзыретті мемлекеттік органдарға қатысты болып табылатын 4 азаматтың мәселесін облыстық әділет департаментінің басшысы өз бақылауына алып, аталған азаматтарды бүгін түс қайта департамент ғимаратында жеке қабылдайтын болды.