«AMANAT» партиясы облыстық филиалында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов азаматтарды жеке қабылдап, олардың өтініш-шағымдарына құлақ түрді. Қабылдау барысында Зұлпыхар Сансызбайұлына өңірдің түкпір-түкпірінен келген азаматтар түрлі әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді көтерді. Іс-шараға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев, сондай-ақ облыстық басқармалардың жауапты өкілдері қатысты. Кейбір мәселелерді нақтылау үшін аудан әкімдіктерінің қызметкерлері бейнеконференц байланыс арқылы қосылды.
Азаматтардың басым бөлігі жол сапасының төмендігі, ауыз су тапшылығы, табиғи газ желісінің жетіспеушілігі, интернеттің әлсіздігі, көше жарығы мен тұрғын үй кезегінің жылжымауы сияқты мәселелерді көтерді. Бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін маңызды тақырыптар.
Мысалы, Сарыағаш ауданы Құркелес ауылдық округіне қарасты Жаңаталап елді мекенінің тұрғыны Е. Ережепов ауылда жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарының сапасына алаңдаушылық білдірді. Тұрғынның айтуынша, мердігер мекеме мамыр айында техникалық бақылау мекемесімен келісімге келместен жұмысқа кіріскен. Алайда тұрғындар құрылыс сапасына күмән келтіріп, жұмыстарды тоқтатуға мәжбүр болған. Бұл мердігердің бұған дейін де өз міндетін дұрыс орындамағаны белгілі. Бүгінгі күні жол жөндеу жұмыстары тоқтап тұр.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары бұл мәселені тікелей назарға алып, Сарыағаш ауданы әкімдігінен қосылған жауапты маманнан мән-жайды сұрап, мердігер ұйымның заң аясында сапалы жұмыс атқаруын қамтамасыз етуді жүктеді.
Қабылдау барысында Төлеби ауданы Қасқасу ауылдық округінен келген бірнеше тұрғын да бірқатар түйткілдерді алға тартты. Олар ауылда ауыз су мәселесі шешілді делінгенімен, әлі күнге толықтай қамтамасыз етілмегенін, көше жарығының жоқтығы мен асфальт төсеу қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ, көшелердің тазалығы мен бей-берекет тасталған тұрмыстық қалдықтар да тұрғындардың алаңдаушылығын тудырған.
Қасқасу ауылының тағы бір тұрғыны көгілдір отын мен ауыз судың сапасына қатысты шағымын ортаға салды. Бұл мәселелер бойынша Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев атқарылып жатқан жұмыстар туралы толыққанды ақпарат беріп, нақты жоспарлармен бөлісті.
Зұлпыхар Сансызбайұлы әрбір өтінішке мұқият ден қойып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Әсіресе, тұрғындарды облыс орталығына дейін әуре-сарсаңға салмай, жергілікті деңгейде жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін баса айтты. Әр мәселенің шешілу барысы партия мен әкімдік тарапынан бақылауда болатыны жеткізілді.
«AMANAT» партиясы ұйымдастырған қоғамдық қабылдау азаматтар мен билік өкілдері арасындағы тиімді кері байланыстың айқын дәлелі болды. Осындай ашық форматтағы кездесулер арқылы халықтың үнін есту, нақты мәселелерді шешуге жол ашу мемлекеттік қызметтің басты қағидаты екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.