Танымал актер Рүстем Жаныаманов Жанар Байсемізге берген сұхбатында өміріндегі қызық жағдай туралы айтып берді. Ақша үшін Інжілді қазақша дыбыстаған кездері болған екен.

Актер қиын қаржылық жағдайда жүрген кезде қызық ұсыныс алады.
«Кино немесе телехикаялардан ұсыныс күнде түсе бермейді. Кейде дубляжбен айналысамын. Бір жолы жұмыссыз қалып, қаражатқа мұқтаж болдым. Сол кезде бір адам хабарласып, жұмысқа шақырды. Дубляж жасайтынымды айтқан едім. Олар мені сынап көрді, дауысымды ұнатып, бірлесіп жұмыс істеуді ұсынды. Бірақ мәтіннің көлемі немесе жұмыстың ұзақтығы туралы ештеңе айтпады. Ертесіне барсам, бір десте қағаз дайындап қойыпты. Бірінші парағын оқи бастадым. Сөйтсем, олар Інжілді қазақшаға аударып жатыр екен. Сол сәтте ойланып, “Не істесем екен? Жазуды жалғастырайын ба, жоқ па?” деп ішімнен саралай бастадым,» – дейді актер.
Актер қаржылық жағдайына байланысты бұл ұсыныстан бас тарта алмағанын және жұмыс үшін жақсы ақша алғанын мойындайды.
«Қаражат қажет болғандықтан келісуге мәжбүр болдым. Іштей “жақсы іс қой” деп өзімді жұбаттым. Жартысын оқып болған соң, әрі қарай жалғастыра алмайтынымды, мұсылман екенімді айттым. Олар осыған дейін жасаған жұмысым үшін төлем беретінін айтты. Сол жерде үлкен қиындықты бастан өткердім. Дегенмен, жұмысты соңына дейін аяқтадым. Бір айға жуық бірге жұмыс істеп, қомақты қаражат алдым – шамамен 3-4 миллион теңге. Ол кезде бұл өте жақсы ақша болатын. Ақша керек болғанда, үнемі соны таңдаймын,» – дейді актер күліп.