Қазақстанда интернет Жапониядан қарағанда жылдам жұмыс істейді

Speedtest Global Index қызметі 2024 жылдың желтоқсан айындағы мәліметтерге сәйкес, интернет жылдамдығы бойынша әлемдегі ең үздік елдер мен қалалардың жаңа тізімін жариялады. Бұл рейтинг Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің “Қазақстанда интернет жылдамдығы Токиодан жоғары” деген мәлімдемесін растады.

Зерттеу барысында сарапшылар 154 елдің 200-ден астам қаласында мобильді интернет пен кең жолақты желілердің орташа жылдамдығына талдау жүргізді. Speedtest индексі негізінен жүктеу жылдамдығы сияқты негізгі параметрлерді ескере отырып құрастырылды.

Әлемдік қызметтің деректеріне сәйкес, Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша жаһандық тізімде бір сатыға жоғарылап, 57-орынға шықты. Еліміздегі орташа жылдамдық – секундына 53,76 мегабит. Жапония бұл көрсеткіш бойынша 58-орында қалып, секундына 53,54 мегабитті құрады.

Дегенмен, кең жолақты интернет жылдамдығы бойынша Қазақстан 88-орында. Бұл санаттағы орташа көрсеткіш секундына 73,67 мегабитті құрайды.

Мобильді интернет жылдамдығы бойынша алғашқы үш орынды келесі елдер иеленді:

  • Біріккен Араб Әмірліктері – секундына 453,87 мегабит;
  • Катар – секундына 383,5 мегабит;
  • Кувейт – секундына 257,3 мегабит.

Ең төменгі көрсеткіш Ауғанстанда тіркелді. Бұл елде мобильді интернеттің орташа жылдамдығы небәрі секундына 8,2 мегабитті құрайды.

Speedtest жаһандық рейтингіне сәйкес, Қазақстандағы интернет жылдамдығы Алматы мен Астана қалаларында зерттелді. Алматы мобильді интернет жылдамдығы бойынша 63-орынға тұрақтаса, Астана 71-орынды иеленді.

  • Алматы – секундына 93,71 мегабит;
  • Астана – секундына 83,87 мегабит.

Бұл деректер Қазақстанның интернет инфрақұрылымы айтарлықтай жақсарып келе жатқанын және әлемдік рейтингте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізетінін көрсетеді.