АҚШ Президенті Дональд Трамптың жаңа импорттық алымдары әлемдік нарықтарға салмақ салды. Қор биржаларында акциялар күрт құлдырап жатқанда, алтын бағасы керісінше рекорд жаңартып отыр.
Бүгіннен бастап Ақ үй шетелден жеткізілетін көліктерге 25% баж салығын енгізгенін ресми түрде жариялады. Бұл жолғы шектеулерге әлемнің барлық елдері іліккен. Сарапшылар бұл жағдайды «жаһандық сауда соғысының бастамасы» деп бағалап отыр.
Мұндай ахуал жаһандық экономикаға кері әсерін тигізіп, инвесторларды қауіпсіз актив – алтынға жаппай көшуге мәжбүрлеуде. Нәтижесінде, бағалы металл бағасы тарихи межеден асып, 3 128,06 долларға жетті.
АҚШ қор биржалары айлық және тоқсандық табыстарынан айрылса, бұл үрдіс Еуропа мен Азия-Тынық мұхиты аймағына да әсер етті. Goldman Sachs сарапшылары АҚШ-тағы рецессия қаупін бұрынғы 20%-дан 35%-ға дейін көтеріп отыр.
Мамандардың болжауынша, Трамп алдағы уақытта барлық сауда серіктестеріне ортақ 15% баж салығын енгізуі мүмкін. Бұл жаһандық экономикада жаңа кезеңнің басталғанын көрсетіп отыр.