Қазақстандық спортшылар 2026 жылы Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына жүйелі дайындықты бастап кетті. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, дайындық жоспары жаңа маусымда жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларды іріктеуден басталған.
Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін Олимпиада мен Паралимпиадада ел намысын қорғайтын мықтылар құрамына ену үшін спортшылар қатты тер төгуде. 2024/25 жылғы қысқы маусымда ерекшеленген атлеттер Олимпиада лицензиясына үміткер ретінде таңдалып отыр.
Жеке дайындық – халықаралық стандартқа сай
Министрлік әрбір спортшы үшін жеке дайындық жоспарын бекітті. Бұл жоспар заманауи ғылымға және халықаралық тәжірибеге негізделген. Оған спортшының физикалық дайындығы, техникасын жетілдіру, жарыс алдындағы психологиялық тұрақтылығы секілді маңызды бағыттар кіреді.
Жүйелі дайындық аясында спортшылар келесі мүмкіндіктермен қамтылады:
- Арнайы инвентарь және спорттық жабдықтар;
- Медициналық бақылау мен ем-шаралар;
- Психолог, нутрициолог және спорт дәрігерінің қолдауы;
- Жеке жаттықтырушылармен жұмыс және қажет жағдайда іссапар шығындарын жабу.
Министрлік бұл кешенді қолдау жүйесі Қазақстан құрамасының нәтижесін жаңа деңгейге көтереді деп сенеді. Ал алда келе жатқан маусым – атлеттер үшін өзін дәлелдеуге берілетін басты мүмкіндік.