«Таза Қазақстан» акциясы аясында жалпыхалықтық сенбілік өтті

Сарыағаш ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында көктемгі ағаш егу және сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Игі шараға аудан әкімі Арман Абдуллаевпен қатар мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер, жергілікті тұрғындар мен еріктілер де белсене атсалысты.

Сенбілік барысында Сарыағаш қаласы арқылы өтетін А-15 республикалық маңызы бар автожолдың бойына 300 түп қарағаш, айлант және терек ағаштары отырғызылды. Бұл шара «Таза аула» бастамасын қолдау және өңірді көгалдандыру, көркейту мақсатында қолға алынған.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерді абаттандыру мен көгалдандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, ауданда жыл сайын көктем және күз мезгілдерінде ағаш егу дәстүрге айналған. Басты мақсатымыз – болашақ ұрпаққа жайлы, жасыл орта қалдыру, – деді аудан әкімі Арман Абдуллаев.

4 тонна қоқыс шығарылды

Ағаш отырғызу жұмыстарымен қатар, аудан бойынша ауқымды сенбілік те өтті. Іс-шара барысында республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың, ішкі көшелердің бойы тазартылып, арық-атыздар мен шөптер ретке келтірілді. Ағаш түптері әктеліп, күл-қоқыстар жиналды.

Сенбілікке 800-ден аса адам қатысып, 4 тонна қоқыс шығарылды. Бұл жұмыстарға 4 арнайы техника жұмылдырылды.

Тазалық — тұрақты үрдіске айналған

Айта кетейік, Сарыағаш ауданында тазалық пен көгалдандыру шаралары апта сайын тұрақты түрде өткізіліп келеді. Аудан басшылығы бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да қарқын алатынын жеткізді.