Қазақтар қалада қамалып отырса – денсаулығы мен ойлау қабілеті нашарлайды: Тарихшының дабылы

Әлеуметтік желіде «Тарих ағай» атымен танымал болған тарихшы Нұрғожа Ерсайын қазақ қоғамындағы урбанизация мен ұлттық болмыстың арақатынасына алаңдаушылық білдіріп отыр. Оның айтуынша, қазақтар табиғатқа жақын болмаған жағдайда физикалық және интеллектуалдық тұрғыдан әлсірей бастайды.

Қала – жайлылық па, әлде қамақ па?

Нұрғожа Ерсайын жақында берген сұхбаттарының бірінде қазақ халқының отырықшы өмір салтына толық бейімделе алмай жатқанын тілге тиек етті. Ол табиғатпен байланысты үзудің ұлт болмысына тікелей әсер ететінін айтады. Мысал ретінде ол бүркіт пен тазыны келтіреді:

«Бүркітті үйге қамап қойсаңыз, өкпесіне саңырауқұлақ өсіп, өліп қалады. Тазыны жүгіртпесеңіз, аяқ-қолы қисайып, жүре алмай қалады. Қазаққа да сол әсер етеді – қала ішінде қамалып отырса, денсаулығы да, ойлау қабілеті де нашарлайды», – дейді тарихшы.


Ұлттық иммунитет – табиғатпен байланыста

Ерсайынның пікірінше, урбанизация мен технологияның қарқынды дамуы ұлттың рухани, физикалық қуатын төмендетуі мүмкін. Сондықтан ол қазақтарға табиғатпен байланысты сақтау үшін жиі саяхаттап, ауылдық жерлерде демалып тұруды ұсынады.

«Біз ұлт ретінде дамып, арамызда мықты спортшылар мен дарынды жастар шықсын десек, табиғатқа жақын болуымыз керек», – дейді ол.

Бұл пікір қазіргі қоғамда жиі айтылып жүрген «қалалық өмір мен ұлттық болмыс үйлесе ме?» деген үлкен сұрақтың бір қырын ашады.