Салық саясаты мен жаңа кодекстің қабылдануы қоғамда қызу пікірталас тудырды. Осы ретте кәсіпкер Шынар Бұғымбаева Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринге ашық үндеу жолдап, кәсіпкерлердің қазіргі жағдайы мен мемлекеттің оларға деген қарым-қатынасына қатысты өз ойын білдірді.
Бұғымбаеваның айтуынша, кәсіпкерлер 16% мөлшерлеме мен 40 миллион теңге шегін қамтитын жаңа салық кодексіне біртіндеп бейімделіп келеді. Алайда министрдің жуырда айтқан пікірі кәсіпкерлердің көңілін күпті еткен.
– Алайда министрдің сөзі мені түрлі ойға жетелейді. Біздің үкіметіміз халықтан, ел экономикасын көтеріп, халықты қолдап тұрған кәсіпкерлерден тым алшақ сияқты әсер қалдырды, – дейді ол.
Шынар ханым мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қолдау жетіспейтінін, керісінше, салық жүктемесі мен әкімшілік қысым артып келе жатқанын алға тартады.
– Салық жүктемесін көтеріп, жұмыс орнын беріп отырған, күні-түні клиенттердің қажетін өтеуге тырысатын, қызметкерлерінің мотивациясын сақтап, жалдау ақысы мен өзге шығындарды жауып жүрген кәсіпкерлер туралы осылай айтуға бола ма? – дейді ол.
Бұл үндеу елдегі шағын және орта бизнес өкілдерінің шынайы жағдайын көрсетіп тұр. Олар тек пайда табуды емес, елдің экономикалық тұрақтылығына да үлес қосып жүргенін еске салуда.