Жаңа оқу жылы қарсаңында «AMANAT» партиясы жыл сайын «Баланы мектепке дайындайық!» акциясын өткізіп келеді. Партияның бқл бастамасы қоғамның әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, аз қамтылған, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсетудің жарқын үлгісі болып қалыптасты.
Акцияға өз үлестерін қосқан Сарыағаш аудандық мәслихатының депутаттары, «AMANAT» партиясының фракция мүшелері «Бақытты отбасы» жобасы аясында 92 оқушыға жаңа оқу жылына арналған сөмкелер мен оқу құралдарын табыстады. Іс-шара аясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларын мектепке толық даярлау үшін қажетті көмектің бәрі көрсетілді. Бұл бастама арқылы ешбір бала білім алу құқығынан шет қалмауы тиіс деген қағида жүзеге асты. Мемлекет пен қоғам бірлесе отырып, жас ұрпақтың болашағына бейжай қарамайтындығын осылайша көрсетіп берді.
«Баланы мектепке дайындайық!» акциясы аясында аманаттықтар балаларға мектеп формасы мен аяқ киім сатып алып беруге, оларды қаламсап, дәптер, сызғыш, сөмке сынды оқу құралдарымен қамтамасыз етуге, білім алуға қажетті өзге де көмектер көрсетуге, балаларға психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетуге жұмылып отыр. «-Қайырымдылық – халқымыздың қанында бар асыл қасиет. Бұл акция – ел ішіндегі ынтымақ пен бірліктің, жанашырлық пен қамқорлықтың белгісі. Әрбір азаматтың атсалысуы – бір балаға үміт, бір отбасыға қуаныш сыйлайды», — дейді фракция мүшелері.