Түркістан облысында «AMANAT» партиясының туы астында біріккен ой көшбасшыларының шеруі жалғасуда. «AMANAT-AQYLMAN» ойындарының іріктеу кезеңі аяқталып келеді. Зияткерлік сайыстары өңіріміздің барлық аймағын қамтып, бүгінгі ғасыр – білім биігін бетке ұстаған азаматтардың алтын дәуірі екенін аңғартып отыр.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдық мерейтойын ортақ тақырып етіп белгілеген ойындардың кезекті іріктеу кезеңі жуырда ұлт бірлігінің темірқазығына баланған қасиетті жер – Ордабасыда өтті. Аудандық деңгейдегі іріктеу ойындарына барлығы 8 команда қатысты. Командалар түрлі салада еңбек ететін азаматтардан құралды, оның ішінде жұмысшы мамандықтар иелері де бар. Партия ұйытқы болған ой жарысына партияның Түркістан облыстық филиалы «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Жансерік Жұман, «AMANAT» партиясы Ордабасы аудандық филиалының төрағасы Әлиасқар Бердімұрат, Түркістан облыстық партия филиалы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі кеңестің мүшесі Қанат Рысбек, Ордабасы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей және аудандық партия филиалының консультанты Гүлнар Толыбаева төрелік етті.
Жарыс жолына түскен командалар 4 кезең бойынша тапсырмаларды орындады. Терең ақыл-ойды саралайтын сайыста азаматтар Қазақстан тарихы, қазақ және әлем әдебиеті, логикалық сауалдарға жауап беру, ұтқыр жауап нұсқаларын ұсыну, партияның стратегиялық басымдықтары мен жарғысы туралы білімдерімен жарысып, командалық рухы мықты көшбасшыларды анықтады. Іріктеу кезеңінің қорытындысымен бадамдық «ІQ UP» командасы үшінші орынға табан тіресе, «Қажымұқан жастары» командасы екінші орынға ие болды. Ал ойындардың жеңімпазы ретінде төрткүлдік «Парасат» командасы танылып, ол Түркістан қаласында өтетін ақтық сайыста өнер көрсететін болды.
Жеңімпаздарға «Жастар рухы» жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұман мен Ордабасы аудандық партия филиалының төрағасы Әлиасқар Бердімұрат алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табыстады.