
Мемлекеттік корпорация өкілдері бұл жаңашылдық азаматтардың ыңғайлылығы үшін жасалып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталғанын мәлімдеді. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында «ХҚКО» қосымшасының пайдаланушылары екі деңгейлі аутентификациядан өтеді: алдымен биометриялық сәйкестендіру жүргізіледі, содан кейін 1414 нөмірінен келген SMS-код арқылы жеке басын растау қажет. Осы рәсімнен кейін жүргізуші куәлігін алуға үміткерлер «Теориялық емтиханға жазылу» немесе «Тәжірибелік емтиханға жазылу» батырмасын таңдай алады.
Жазылғаннан кейін, қызмет алушының Мобильді азаматтар базасында тіркелген телефон нөміріне 1414 нөмірінен хабарлама жіберіледі. Сонымен қатар, қосымша арқылы емтиханға тіркелу үшін алдын ала мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барып, өтінім нөмірін алу қажет екенін ұмытпау керек.
Қосымша емтихан тапсыру уақыты мен кестесіндегі өзгерістер туралы хабардар етіп, бұл ақпаратты уақытылы әрі ыңғайлы түрде алуға мүмкіндік береді. Бұрын емтиханға жазылу процесі booking.gov4c.kz сайтында жүргізілген, бірақ енді бұл функция «ХҚКО» мобильді қосымшасына ауыстырылып, сайттағы брондау қызметі өшіріледі. Дегенмен, сайт онлайн режимде емтихан тапсыру барысының трансляциясын көруге арналған қызметін жалғастырады.
Сондай-ақ, «ХҚКО» қосымшасы ХҚКО-ға бару уақытын алдын ала брондауға, электронды кезек үшін талон алуға, қажетті ХҚКО-ның мекенжайын табуға және өзекті ақпаратпен танысуға мүмкіндік береді. Қосымшаны Google Play немесе App Store платформаларынан жүктеп алуға болады.