«AMANAT» партиясы «Бақытты отбасы» жобасын іске асыруда «Баланы мектепке дайындайық!» бастамасын атқарып, қоғамда әлеуметтік тепе-теңдікті сақтауға бағытталған озық үлгідегі қайырымдылық шараларын өткізіп келеді. Азаматтарды ізгілікке шақыратын бұл бастаманы қоғам болып қолдап, береке-бірлігімізді арттырып келеміз.
Жетісай ауданындағы «AMANAT» партиясының өкілдері осы бастама аясында аудан әкімдігімен бірлесіп, «Мектепке жол» республикалық акциясын өткізді.
Акция шеңберінде «AMANAT» партиясының «Баланы мектепке дайындайық!» бастамасымен аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылар санатынан 150 балаға мектепке қажетті заттар берілді. Әр бала мектеп формасымен, кеңсе тауарлары топтамасымен, спорттық киімдермен және мектеп сумкаларымен қамтамасыз етілді.
Жетісай қаласындағы Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының ауласында өткен акция барысында Жетісай ауданы әкімі аппаратының басшысы Есенгелді Алданиязов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, аудандық мәслихат депутаты Эльмира Темірбаева, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Шоқан Адайбеков сөз алып, балаларға жаңа оқу жылында табыстар тіледі.
«- Партиямыздың «Баланы мектепке дайындайық!» акциясы – жаңа оқу жылы қарсаңында өткізілетін маңызды әлеуметтік бастамалардың бірі. Бұл акция қоғамдағы мейірімділік пен жанашырлықтың нақты көрінісі. Бұл бастама арқылы аз қамтылған, көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолдау көрсетіліп, балалардың білім алуына тең мүмкіндік жасалады. Акцияның аясында мектеп формасы, оқу құралдары, сөмкелер секілді қажетті заттармен қамтамасыз ету – балалардың жаңа оқу жылын қуанышпен қарсы алуына сеп болады. Ең бастысы – бұл шара балаларға өздерінің назардан тыс еместігін, қоғамның оларға қамқор екенін сезіндіреді. Осындай акциялар арқылы біз еліміздің болашағы – балаларымыздың жан-жақты дамуына өз үлесімізді қоса аламыз. Бұл – әр азаматтың азаматтық борышы және адами міндеті», — деді «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров.
«Баланы мектепке дайындайық!» акциясы Түркістан облысының барлық аудан, қалаларында жалғасып, қоғамымыз бала бақыты үшін аянып қалмайды деген сенімдеміз.