Қазақстан-Қытай шекарасы 27 қаңтардан 1 ақпанға дейін уақытша жабылады. Шекараның жабылуы Қытайдағы ұлттық мереке – жаңа жылдың тойлануымен байланысты.
Комиттеттің мәліметінше, бұл – Қытайдағы көктем мерекесін тойлауға байланысты. Жабық болатын уақыт – 27 қаңтар күні сағат 20:00-ден, 1 ақпан күні сағат 08:00-ге дейінгі аралық. Осы аралықта Қазақстан мен Қытай шекарасындағы автомобиль өткізу пункттерінде адамдар, көлік құралдары мен жүктер өткізілмейді.
Десе де, теміржол өткізу бекеттері штаттық режимде жұмыс істей береді.
«Тасымалдаушылардан және барлық шекараны кесіп өтуге ниет білдірушілерден енгізілген шектеулерді ескере отырып, бағыттарын алдын ала жоспарлауды сұраймыз», – делінген хабарламада.
Көктем мерекесі – Қытайдағы ең атаулы мейрам. Жалпыхалықтық, отбасылық мереке. Қытайлар үшін Батыс елдеріндегі Рождество мерекесіне пара-пар. Осы уақыт аралығында шығыстағы көршілеріміз ескі жылмен қош айтысып, жаңа жылды қарсы алады.