АҚШ енді басқа елге көмек бермейді

Фото: Olin Dozier/NurPhoto/picture alliance

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио шетелдік көмек гранттарын тоқтату туралы бұйрық шығарды

Politico және Reuters агенттіктерінің хабарлауынша, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио көптеген шетелдік көмек гранттары бойынша төлемдерді 90 күнге тоқтатып, жаңа гранттарды бекітуге тыйым салды. Бұған дейін журналистер АҚШ президенті Дональд Трамп бұл қаражатты сыртқы саясатқа қаншалықты сәйкес келетінін бағалау үшін тоқтату туралы тапсырма бергенін атап өткен.

Reuters мәліметіне сүйенсек, Мемлекеттік департаменттің Сыртқы көмек басқармасы құрастырған және Марко Рубио мақұлдаған жеделхатта Израиль мен Египетке әскери көмек қаржыландыруға рұқсат берілген. Израиль жыл сайын 3,3 миллиард доллар көлемінде, ал Египет шамамен 1,3 миллиард доллар көлемінде әскери көмек алады. Басқа елдер бұл құжатта көрсетілмеген.

Жеделхатта шұғыл азық-түлік көмегі мен бұрын бекітілген заңды шығындарды жүзеге асыруға рұқсат берілетіні айтылған. Бұл мәселеде қолданыстағы ережелер сақталатыны көрсетілген.

Мемлекеттік департаменттің шешімі Украинаға бағытталған жобаларға да ықпал етті. USAID дерегінше, Украинадағы мектептерді қолдау, балаларды вакцинациялау сияқты жобалар уақытша тоқтатылды. Украинадағы соғыс басталғаннан бері АҚШ бұл елге 30 миллиард доллардан астам көмек көрсеткен, оның ішінде 2,6 миллиард доллар гуманитарлық көмекке және 5 миллиард доллар дамуға арналған қаражатқа бөлінген.

Кейбір АҚШ Конгресінің мүшелері бұл шешім халықаралық аренада елдің беделіне зиян келтіруі мүмкін деп алаңдауда. Мемлекеттік департамент алдағы 85 күн ішінде Рубионың Трампқа ұсыныстарын толықтырып, қай бағдарламаларды жалғастыру немесе тоқтату керектігі туралы есеп беруі тиіс.