Еліміздегі мегаполистерде – әсіресе Алматы мен Астанада – ақылы автотұрақ мәселесі бірнеше жылдан бері қоғамның наразылығын тудыруда. Қала тұрғындары көлік қою үшін орын таппай әуре болса, жекеменшік компаниялар бұл саланы монополияға айналдырып, табысқа кенелуде.
Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласындағы (қазіргі Астана) ақылы автотұрақтардан түскен табыстың басым бөлігі жеке компаниялардың қалтасына түседі. Соңғы үш жылда елордалық жүргізушілерден жиналған 725 995 427 теңгенің тек 14%-ы немесе 108 679 988 теңгесі ғана қала бюджетіне бағытталса, қалған 617 315 439 теңгесі жеке кәсіпкерлердің есебіне аударылған.
Халықтың ақшасы қайда кетіп жатыр?
Елордадағы ірі ақылы автотұрақ операторы – «Парковочное пространство Астаны» компаниясы. Ақылы тұрақ үшін жүргізушілер әр сағатқа 100 теңге төлейді, тіпті көлікті 5-10 минутқа қойсаңыз да толық сағаттық төлем талап етіледі. Ал төлем жасалмаса, шамамен 12 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, ол сот арқылы мәжбүрлі түрде өндіріледі.
Қала тұрғындары ақылы автотұрақтан ешқандай қызмет көрсетілмейтінін айтып, наразылық білдіруде. Көліктің сырылуы, заттардың ұрлануы немесе басқа көліктің соғуы сияқты жағдайларда тұрақ иелері жауапкершіліктен бас тартады.
Алматыда да ақылы автотұрақтардан түсетін қаржының негізгі бөлігі жекеменшік компанияларға тиесілі. Мәселен, «Алматы спецтехпаркинг сервис» пен «Alan Parking» компаниялары 2022 жылға дейін жылына шамамен 1,5 миллиард теңге табыс тапқан.
Ақылы автотұрақтарға қатысты қоғам наразылығын одан әрі күшейткен жағдайлардың бірі – Астанадағы Жол-көлік инфрақұрылымдарын дамыту басқармасының өкілі Бауыржан Күмісбековтің «қоғамдық көлікпен жүруді ұсынамын» деген пікірі болды. Ақылы автотұрақтың өзекті мәселесін шешудің орнына мұндай ұсыныс айту халықтың наразылығын өршітіп жіберді.
Ақылы автотұрақ жүйесін реттеу үшін мемлекеттік бақылауды күшейту, табыстың елеулі бөлігін қала бюджетін толықтыруға бағыттау және жүргізушілердің құқықтарын қорғау қажет. Қазіргі жүйеде мемлекеттің жеке компанияларға жағдай жасап отырғаны анық, ал халықтың пікірі елеусіз қалуда.