Түркістан облыстық балалар ауруханасында алғаш рет эпилепсия диагнозы қойылған 14 жастағы жасөспірімге нейрохирургиялық ота сәтті жасалды. Бұл өңір тарихында алғаш тіркелген медициналық жетістік болып отыр.
Науқастың жағдайын бақылаған дәрігерлер, оның дәрі-дәрмектерге бой бермей, денсаулығының нашарлағанын ескере отырып, жедел түрде ота жасауға шешім қабылдаған. Арнайы операция барысында жүйке жүйесіне арнайы стимулятор орнатылып, эпилепсиялық талмалардың жиілігі мен ауырлығын төмендетуге бағытталған күрделі медициналық әдіс қолданылды.
Отаға ҚР балалар нейрохирургтары қоғамының президенті, Алматы қалалық №2 балалар клиникалық ауруханасының нейрохирургі Азамат Жайылғанов жетекшілік еткен шеберлік сабағы аясында дайындық жүргізілген. Жергілікті мамандар да бұл операцияға белсене қатысып, тәжірибе алмасты.
Қазіргі таңда жасөспірімнің жағдайы бірқалыпты. Талмалардың саны едәуір азайып, өмір сапасы жақсара бастаған. Ол невропатолог дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
Бұл Түркістан өңіріндегі медициналық мүмкіндіктердің кеңейіп келе жатқанын және жоғары мамандандырылған көмектің қолжетімді бола бастағанын көрсетеді.