Көпшіліктің жүрегінде «Менің атым Қожа» фильміндегі Қожа бейнесімен қалған актер Нұрлан Сегізбаев (Санжарұлы) бүгінде ауыр дертпен арпалысып жатыр. Бұл туралы журналист Жанар Қанафина әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Журналистің айтуынша, 75 жастағы Нұрлан Санжарұлына өкпенің созылмалы обструктивті ауруы (ХОБЛ) диагнозының 4-дәрежесі қойылған. Дәрігерлер оның өміріне небары жарты жылдай уақыт қалғанын айтқан.
– Балалық шағымыздың символына айналған Қожа бүгінгі таңда күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Ол күніне 14 сағат тыныс алу аппаратына тәуелді. Бұған дейін ұстаздық еткен, бірақ қазіргі денсаулығы жұмыс істеуге мүмкіндік бермей отыр, – деп жазды журналист.
Қаржылай көмек қажет
Қазіргі уақытта Нұрлан Сегізбаевқа шұғыл түрде қаржылай көмек қажет. Қаражат ем-дом алу мен өмірінің соңғы істерін аяқтау үшін қажет. Журналист әзірге қаражатты қайда аудару керектігі туралы нақты ақпарат бермеген.
Бұл ауыр жаңалық отандық мәдениет пен өнер сүйер қауымның жүрегін елжіретіп, Қожаның тағдырына бейжай қарамауға шақырады.