Starbucks-та қазақша қызмет алу мүмкін емес пе? Астана тұрғынының жазбасы желіде қызу талқыланды

Астана тұрғыны Threads әлеуметтік желісінде Starbucks қызметіне қатысты жазбасымен бөлісіп, көпшіліктің талқылауына түрткі болды. Оның айтуынша, Talan Towers ғимаратындағы кофехананың кассирі қазақ тілін мүлдем түсінбеген.

“Кеше Talan Towers-тегі Starbucks-қа бардым. Кассада қазақ жігіті тұрды. Мен кофе тапсырысын қазақша бердім, бірақ ол түсінбеді. Мұндай ірі компания қызметкерлерінің қазақ тілін білмейтініне таңғалдым. Неге басшылық олардан мемлекеттік тілді меңгеруді талап етпейді?” — деп жазды ол.

Жазба қысқа уақыт ішінде кең тарап, әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу пікірталас туғызды. Көпшілік автордың пікірін қолдап, мемлекеттік тілдегі қызметтің болмауы — тұтынушы құқығын шектеу деп бағалады. Тіпті кейбіреулер Starbucks-қа ресми түрде шағым түсіруге кеңес берген.

Пікір қалдырған қолданушылардың бірі:

«Біз өз елімізде өз тілімізде қызмет ала алмай отырмыз. Бұл – ұят емес пе?» — деп жазды.

Бұл жағдай 2024 жылдың желтоқсанындағы тағы бір дау есімізге салады. Сол кезде мәзірде қазақ тілінің болмауы жұрттың наразылығын туғызып, Астанадағы Starbucks кофеханаларының рейтингі күрт төмендеген еді.

Мемлекеттік тіл — қызмет көрсету тілі

Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңына сәйкес, тұтынушылар мемлекеттік тілде ақпарат алып, қызмет көрсетуге толық құқылы. Ірі халықаралық компаниялардың бұл талапты елемеуі — қоғамның наразылығын үдете түсуде.

Starbucks тарапынан әзірге ешқандай ресми пікір айтылған жоқ. Алайда қоғам тарапынан қысым күшейе берсе, бұл жағдай компания саясатына өзгеріс енгізуге мәжбүр етуі мүмкін.