“Өз елімде өз тілімде қызмет ала алмадым”: Астаналық тұрғынның жазбасы Starbucks айналасындағы дау-дамайды қайта қозғады

Астанадағы Talan Towers ғимаратындағы Starbucks кофеханасында болған жағдай әлеуметтік желілерде жаңа тіл дауына себеп болды. Threads желісінде қала тұрғыны өз тәжірибесімен бөлісіп, қазақ тілінде қызмет көрсетілмегенін айтып, наразылығын білдірді. Оның айтуынша, кассада тұрған қызметкер қазақша тапсырысты түсінбеген.

“Кеше Talan Towers-тегі Starbucks-қа бардым. Кассада қазақ жігіті тұрды. Мен кофе тапсырысын қазақша бердім, бірақ ол түсінбеді. Мұндай ірі компания қызметкерлерінің қазақ тілін білмейтініне таңғалдым. Неге басшылық олардан мемлекеттік тілді меңгеруді талап етпейді?” — деп жазды ол.

Жазба аз уақыттың ішінде кең тарап, қолданушылар арасында қызу пікірталас туғызды. Көпшілік автордың жанайқайын қолдап, компанияға ресми түрде шағым жазуға шақырды.

«Бұл – ұят емес пе?»

Пікір қалдырған қолданушылардың бірі:

“Біз өз елімізде өз тілімізде қызмет ала алмай отырмыз. Бұл – ұят емес пе?”

Кейбірі бұл жағдайды тұтынушы құқығының өрескел бұзылуы деп бағалап, халықаралық компаниялардың Қазақстан заңын елемей отырғанына алаңдаушылық білдірді.

Ескі дау, жаңа әңгіме

Бұл – Starbucks атына қатысты алғашқы тіл дауы емес. 2024 жылдың желтоқсанында Астанадағы кофеханалар мәзірінде қазақ тілінің болмауы қоғам наразылығына ұласып, компания рейтингінің күрт төмендеуіне себеп болған еді.

Мемлекеттік тіл — міндетті талап

Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңына сәйкес, әрбір азамат мемлекеттік тілде ақпарат алып, қызмет көрсетуге толық құқылы. Қоғам белсенділері мен заңгерлер бұл талапты бұзған кез келген компания заң алдында жауап беруі тиіс екенін еске салуда.

Қазіргі таңда Starbucks тарапынан ешқандай ресми пікір білдірілген жоқ. Дегенмен, әлеуметтік қысым күшейіп, қоғамдық резонанс артқан жағдайда, компания бұл мәселеге бей-жай қарамай, ішкі саясатында өзгерістер жасауға мәжбүр болуы мүмкін.